Павлодар облысының медициналық мекемелерінде жаңашыл жүйе дамуда
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі медициналық мекемелерде триж-жүйе дамып келеді. Келешекте бұл жаңашыл жүйе кез-келген аурухана мен емханада пайда болмақ.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының хабарлауынша, алдағы екі жылда алты медицина ұйымының қабылдау бөлімдері заман талаптарына сай жетілдірілмек. Сәйкесінше, медициналық құралдармен жабдықталып, халыққа қызмет көрсету сапасы арта түседі.
Алғашқы қабылдау бөлімшесі Павлодар қалалық №1 ауруханасының жанынан ашылды. Оның құрылысына «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 2,5 млрд теңге бөлінген. Қаражаттың басым бөлігі заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалды.
Емдеу мекемесінің бас дәрігері Нұрлан Жұмажановтың айтуынша, көпсалалы стационар кезекшілік атқарған күндері 200-ге жуық науқасты қабылдай алады.
Науқас қабылдауға келген бойда жағдайына байланысты жеңіл, орташа және ауыр үшке бөлінеді. Кейін дигностикалық бөлімшеде мамандардың тексерілуінен өтеді. Қажетінше сараптамалар тапсыруға болады. Бірінші кезекте, ПТР-сараптама алынады. Себебі, коронавирустық инфекциясының таралуына жол берілмеуі тиіс.
Стационарымыз технологиялық құралдармен жабдықталды. Заманауи медициналық құралдардың 11 түрі сатып алынды. Ауыр науқас түссе, осы жерде жедел ота жасауға да мүмкіндік бар. Төрт операциялық блок бар. Мысалға алатын болсақ, рентген кешені, ультрадыбыстық зерттеу кешені, жасанды демалу аппараттары сатып алынды. Жансақтау бөлімі 18 орынға шақталған, - дейді Нұрлан Жұмажанов.
Айта кетейік, Павлодарда биыл жаңа облыстық аурухананың құрылысы басталады. 500 орындық емдеу мекемесі жоспар бойынша «Достық» шағын ауданында салынбақ.