Павлодар облысының қоймаларында 18 мың тонна картоп сақтаулы
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысындағы еркін саудада әлеуметтік маңызға ие көкөніс бағасы күрт өсті. Дегенмен, картоп пен қызылшаның бағасын тұрақтандыру мақсатындағы жұмыстар жемісін берді. Бүгінде 60-тан астам әлеуметтік дүкенде көкөністер қолжетімді бағамен саудалануда.
Сала мамандарының айтуынша, бағаның шарықтауы қалыпты, маусымдық жағдай. Бұған қарамастан, ішкі нарықта картоп тапшылығы жоқ. Бүгінде облыстағы шаруа қожалықтарының қоймаларында 18 мың тонна картоп сақтаулы. Бұл алдағы бірнеше айға жетеді.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Төлеген Көшербаевтың айтуынша, бұл көлем тұтынудың ұлттық нормасына сәйкес алдағы үш айға жетеді.
Десе де, павлодарлық картоп әу бастан жоғары сұранысқа ие. Біздің шаруалар өнімді Қазақстан нарығына емес, шетелге де экспорттайды. Сондықтан, 18 мың тонна мамыр айының соңына дейін жетуі тиіс. Жергілікті тауарөндірушілер өткен жылдың күзінде тұрақтандыру қорына 850 тонна картоп тасымалдады. Келісімшартқа сәйкес көкөністің бір келісі 80 теңгеден сатып алынды. Өнім қазіргі уақытта әлеуметтік дүкендер желісі арқылы халыққа сатылып жатыр. Осы жылдың шілде айында жаңа өнім аламыз. Картоптың ерте сұрыптары піседі. Сонда баға қайтадан тұрақталады, - дейді Төлеген Көшербаев.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, картопты сақтау қиын болғандықтан, бағаның маусымдық өсуі заңды. Бүгінде өнім бағасы әлеуметтік дүкендерде тұрақты.
Бүгінде облыс орталығында картоптың келісі 80-90 теңгеден саудалануда. Осындай сауда нүктелерінде сатушалыр көкөніс бағасына 10% үстеме қоса алады.
Өңірде картоптың қазіргі көтерме бағасы келісі үшін 150 теңге. Тұрақтандыру қорында картоп жеткілікті. Күнбе-күн әлеуметтік дүкендер желісіне 8-10 тонна картоп жеткізіледі. Тұрақтандыру қорындағы өнім мамырға дейін жетеді. Қажеттілік туындаса қосымша сатып алу жоспарда бар, - дейді облыстық Кәсіпкерлік, сауда және индустриалық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы.
Арзан өнім 60-тан астам дүкенде саудалануда. Ал еркін саудадағы сатушылар бұл талапқа бағынбайды.