Павлодар облысының әкімі халықпен кездесуді жаңа форматта өткізіп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.
Аймақ басшысы соңғы екі күнін өңіріміздің астық қазынасы — Ертіс ауданында өткізіп, шаруалармен, жастармен, шалғайдағы Северное ауылының тұрғындарымен жеке кездесіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, онда жұмыс істейтін ауыл халқымен әңгімелескенін атап өтті.
Аудан даму үстінде: шаруашылықтар кәсібін кеңейтіп, жаңа нысандар салынып жатыр, шағын және орта бизнес саны өсіп келеді. Кез келген даму белгілі бір мәселелерді шешуді талап етеді. Біз оларды аудан әкімімен және тұрғындармен бірге жаңа форматта өткен ауқымды кездесуде талқыладық, - деді облыс әкімі.⠀
Жаңа форматтың жаңалығы қандай? Диалог анағұрлым мазмұнды және нәтижелі болуы үшін бір апта бұрын облыс әкімінің орынбасары Mейрам Өтешов және басқарма басшылары ауданға барып, ондағы 27 ауылды аралап, тұрғындармен кездесті. Олар ауыл тұрғындарынан 70-ке жуық сұрақ алды, олардың талдауы қорытынды кездесуде нақты тақырыптар мен нақты міндеттер бойынша сұхбат құруға көмектесті.
Инфрақұрылымдық мәселелер басым болды. Жолдар бойынша: осы жылы ауданда 30 шақырым облыстық маңызы бар жолдар жөнделеді. Ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша аудан орталығынан Ертіс станциясына дейінгі жолды жөндеуге ЖСҚ әзірленіп жатыр. Үш ауылдың кіреберіс жолдарын жөндеу бойынша ЖСҚ дайын.
Сумен жабдықтау бойынша Қызылқақ, Қосағаш және Ұзынсу ауылдарына арналған орталық сумен жабдықтау желілері бойынша жобалау-сметалық құжаттама бар. Жалпы, бүгінгі күні аудан тұрғындарының 98 пайызы таза ауыз суға қол жеткізген. Біздің міндетіміз — 2024 жылға қарай облыс бойынша бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу болып табылады. Жеке сипаттағы мәселелер бойынша жерді пайдалану және әлеуметтік қолдау проблемалары айтылды. Біз оларды жеке шешетін боламыз, - деді Әбілқайыр Сқақов.
Облыс әкімінің айтуынша, сұрақтардың бір бөлігі облыстық әкімдіктің құзыретіне кірмейді. Бірақ, бұл олардың қараусыз қалатынын білдірмейді.
Біз осы өтініштер негізінде ұсыныстар дайындаймыз, бейінді орталық мемлекеттік органдарға жолдаймыз. Қоғамдық талқылаумен бірге, Ертіс ауылында азаматтардың жеке қабылдауын өткіздім. Барлық мәселелерді бақылауға алып, тиісті тапсырмалар бердім, - деді аймақ басшысы.
Әбілқайыр Сқақов осындай кездесулерді облыстың барлық аудандарында өткізетінін атап өтті. Осылайша кездесуге дейін орынбасарлары мен басқарма басшылары халықпен жұмыс істейтін болады.