Павлодар облысының әкімі өңір тұрғындарына үндеу жариялады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов облыс тұрғындарын карантин шараларын берік ұстануға және дәрігерлерді қолдауға шақырды. Бұл туралы облыс әкімі өзінің Instagram парақшасында жариялады.
Құрметті жерлестер! Вирустың барына сенбейтіндер қалмағанына үміттенемін. Сіздердің көпшілігіңіз аймақтағы және елдегі эпидемиологиялық жағдайдың шынымен шиеленіскеніне куә болып отырсыздар. Қастандық теориясын талқылауға бұдан артық уақыт жоқ. Барлық айыптауларды кейінге қалдырайық. Бүгін біздің медицина қызметкерлерімен бірге болып, сана мен ынтымақтастықты көрсететін кез келді. Дәрігерлер бар күштерін салып, жұмыс істеуде. Пневмониямен және жедел респираторлық вирустық инфекциялармен ауыратын науқастардың саны тез өсуде. Провизорлық ауруханалардағы орындар күн сайын көбеюде. Қазір онда 1316 адам ем алып жатыр. Жедел жәрдем күніне 1000-нан астам шақыруларды қабылдайды. Енді елестетіп көріңіз: науқастарды қабылдау мен емдеу арасындағы аз ғана демалыс уақытында дәрігерлер әлеуметтік желілерге кіріп, олардың атына жазылған айыптарды оқиды. Бұл оларды ынталандырады ма? Жоқ. Көптеген медицина қызметкерлері бірнеше айдан бері туыстарын көрмей, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Олар жерлестердің қолдауына мұқтаж. Медицина қызметкерлеріне мейiрiмдiлiк танытып, оларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын! – делінген хабарламада.⠀Әбілқайыр Сқақов біз дәрігерлерге көмектесе алатынымызды айтты.
Ол үшін әрқайсымыз себепсіз далаға шыға бермей, адамдар көп шоғырланған жерден аулақ болып, барлық қауіпсіздік шараларын ұстанатын болсақ, аурудың таралуын бәсеңдетеміз. Үйде қалған бір күн сізді ауруханадағы екі аптадан сақтай алады! – деді облыс әкімі.⠀
Өңір басшысының айтуынша, 28 маусым күні карантинді күшейту – бұл қажетті шара.
Өкінішке орай, көптеген жерлестеріміз шектеулердің жеңілдетуiн пандемияның аяқталуы деп санап, санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қолдануды тоқтатты. Карантинді күшейту адамдардың көптеп жиналуын болдырмаудың жалғыз жолы болып көрінеді. Карантин шараларын адамдар өз денсаулықтарына немқұрайлы қарамай, барлығына түсінушілік танытқан жағдайда ғана тоқтатуға болады. Құрметті жерлестер! Павлодар облысының тұрғындары әрдайым ынтымақтастық пен достығымен ерекшеленеді. Енді шыдамдылық танытып, денсаулық сақтау саласы тап болған жағдайға түсіністікпен қарап, ең жақсы қасиеттерімізді көрсететін кез келді. Мен өз тарапымнан жағдай бақылауда екенін сіздерге сендіргім келеді. Әрине, барлығы оңай емес, бірқатар сұрақтар бар. Бірақ олар бақылауда. Енді сіздің қолдауыңыз қарапайым дәрігерлерге де, денсаулық сақтау басқармасы мен аймақ басшылығына да қажет, - деді Әбілқайыр Сқақов.
Еске салайық, 28 маусым күні Павлодар мен Екібастұз қалаларында карантин шаралары кұшейтіліп, бірқатар шектеулер енгізіледі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Бас мүфти БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
Келесі жаңалық
Тегін және жасырын. Тұрғындар АИТВ мәртебесін біле алады
Өзгелердің жаңалығы