Павлодар облысының емдеу мекемелері штатты жұмыс режиміне кірісуде

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің денсаулық сақтау ұйымдары науқастарды қайта қабылдап жатыр. Әзірге жұмыс уақыты бойынша шектеу бар, себебі, карантин режимі толық шешілген жоқ.

Жұмыс барысында емханаларда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. Үйреншікті тірліктеріне кіріскендердің қатарында облыстық кардиохирургиялық орталықтың мамандары бар. Қазіргі уақытта алдын ала жазылған азаматтар ем қабылдап жатыр.

Қазіргі уақытта кардиохирургиялық орталықта 500-ден астам маман еңбек етеді. Олардың сегізі - жүрекке операция жасайтын хирургтер. Төтенше жағдай кезінде мекеме тек шұғыл көмекті қажет ететін пациенттерді қабылдады.

Айта кетейік, карантин кезінде екі бірдей инновациялық ота енгізілді. Нәтижесінде мамандар жасайтан операциялардың саны 20-ға жуықтаған.

Орталық директоры Әділжан Әлбазаровтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде медициналық сақтандыру қорынан түсетін қаражат 70%-ға қысқарып қалған. Сондықтан, алдағы уақытта мамандар қауымы тұрғындарға толыққанды қызмет көрсетуге дайын.

Карантин режимі енгізілгенге дейін 1400-ден астам адамды ауруханаға жатқызып, емдедік. Ал карантин кезінде олардың саны 270-ке қысқарды. Себебі, жоспарлы ем-дом шаралары кейінге шегерілді. Енді жұмысқа кірісуге дайынбыз. Қажетті материалдардың барлығымен қамтылғанбыз, - дейді Әділжан Әлбазаров.
Айта кетейік, төрт ай ішінде орталықтың көмегіне 1678 адам жүгініп, емделіп шыққан. Олардың 50-ге жуығы - бала. Ашық жүрекке 250 ота жасалған. Жүрегі сыр бергендердің ішіндегі 24 науқас - бала бар. Ал интервенциялық операция 257 адамның жүрегіне жасалды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы