Павлодар облысының бас дәрігері пара алғанын мойындады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде 3 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған шенеунік екі айға қамауға алынды. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев жергілікті жекеменшік кәсіпорын басшысынан мемлекеттік сатып алу тендерінде жеңіске жетуге қолғабыс жасағаны үшін пара алды деп айыпталып жатыр. Өз «қызметін» 3 млн теңгеге бағалаған, бұл жасалған келісімшарттың 10%-ы. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы екінші бөлігі бойынша терге ужүргізіліп жатыр. Облыстың бас дәрігерінің кінәсі дәлелденсе, ол жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сот барысында шенеунік пара алғанын мойындап, өкінетінін айтты. Күдіктінің қорғаушысы судьяға сотталушының денсаулығына байланысты және кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар екенін жеткізіп, үйқамаққа алу жөнінде өтініш білдірді. Дегенмен, Павлодар қалалық мамандандырылған тергеу сотының судьясы бұл өтінішті қанағаттандырмады. 

«Сот жемқорлыққа қарсы қызметтің аса маңызды істер жөніндегі тергеушінің өтінішін қанағаттандырды. Бұлтартпау шарасы ретінде екі айға қамауға алу жөнінде қаулы шығарамыз. Қамақта болу мерзімі 2019 жылдың 5 маусым сағат 22.20 минуттан бастам басталады», - дейді Павлодар қалалық мамандандырылған тергеу сотының судьясы Балтабай Дүнбекбаев. 

Ораз Мұқашев облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне 2017 жылы тағайындалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы