Павлодар облысында электронды сот істерінің саны артуда
Астана. BAQ.KZ. Павлодар облысында "Smart-sot" қосымшасы бойынша 1349 және "Виртуалды сот" арқылы 186 сот отырысы өткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Сағит Ахметбеков мәлім етті, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
"Биылдан бастап "Виртуалды сот" өз жұмысын бастады. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін әкімдіктерде қажетті құралдармен жабдықталған жеке бөлмелер бөлінген. Шалғай ауылдардағы азаматтардың сотқа келмей-ақ процесске қатысуы үшін тиісті механизм жасалған. Аудан орталықтарынан 100 шақырымнан астам қашықтықта жатқан ауылдар бар. Сол ауылдың адамдары жергілікті елді мекенде отырып-ақ сот ісіне қатысып, процесстің жылдам жүруіне көмек береді. Қазіргі уақытта Майқайың, Солнечный, Қалқаман, Шідерті кенттері және Константиновка, Шалдай сияқты ауылдарда арнайы орындар жабдықталған", - деді Сағит Ахметбеков.
Спикердің айтуынша, "Smart-sot" бағдарламасы азаматтардың әлемнің кез келген жерінен Қазақстандағы сот ісіне қатысуға мүмкіндік береді.
"Ол үшін "TrueConf" мобильді бағдарламасына қосылу керек. Бағдарлама Қазақстанның ғана емес, өзге мемлекеттердің азаматтарының да ісін қарауға септігін тигізеді. Мысалы, Успен аудандық сотында Германия және Ресей елдерінің азаматтарының қатысуымен некені бұзу жөнінде үш жақты отырыс өтті", - деді Сағит Ахметбеков.
Айта кетейік, "Smart-sot" бағдарламасы арқылы барлығы 1349 отырыс өтті.