Павлодар облысының алты мектебі TIMSS – 2019 зерттеуіне қатысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңір мектептері 22-26 сәуір аралығында халықаралық TIMSS зерттеуіне қатысады. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2015 жылы TIMSS зерттеуінде Павлодар облысынан 7 мектептің 235 оқушысы өз білімдерін тексеріп көрген. Нәтижесінде төртінші сынып оқушыларының математика пәнінен көрсеткіші 561 орташа ұпайды, жаратылыстану пәндері бойынша 573 ұпайды, сегізінші сынып оқушыларының математика пәнінен көрсеткіші 544 орташа ұпайды, жаратылыстану пәндері бойынша 556 ұпайды құрады.

«Канадалық статистика орталығы негізгі зерттеуді жүргізу үшін кездейсоқ іріктеу әдісімен республикамыздың қалалары мен облыстардан мектептер іріктеп алады. 2019 жылы біздің облысымыздан 6 мектептің білімі сараланады. Оның ішінде Павлодар қаласының №№21, 30, 34 мектептер, Ақтоғай ауданы Абай атындағы орта мектеп, Успен ауданы №1 орта мектебі, Павлодар ауданының Достық мектебі бар. TIMSS зерттеуіне бұл білім ордаларынан 330 оқушы (4-сыныптардан – 157 оқушы, 8-сыныптардан – 173 оқушы) қатысады. 22 сәуір күні TIMSS зерттеуінен алғашқы болып Павлодар қаласындағы №30 орта мектептің 93 оқушысы өтті», - дейді басқармада.

Қазақстан осы зерттеуге бірінші рет 2007 жылы қатысқан. Тұрақты төртжылдық циклдың өткізілуі 4 және 8-сынып оқушыларының жетістіктеріне және бастауыш мектептен негізгі мектепке көшу барысындағы математикалық және ғылыми жаратылыстанудан білім беруде болатын өзгерістерге (яғни, бір циклға қатысқан 4-сынып оқушылары төрт жылдан кейін 8-сыныпта оқиды) мониторинг жасауға мүмкіндік береді.

2015 жылғы соңғы TIMSS зерттеуінде әлемнің 57 елі бағын сынап көрген. Қазақстан тарапынан жалпы 9579 оқушы қатысты. Оның ішінде 179 мектептен 4710 төртінші сынып оқушысы, 4869 сегізінші сынып оқушысы қатысты.

TIMSS – «Trends in International Mathematics and Science Study» қазақ тіліне аударғанда «Математика және жаратылыстану саласындағы білім сапасын бағалау» деген мағынаны білдіреді. IEA тәуелсіз халықаралық ұйымының деректері бойынша TIMSS зерттеуі – әлемдегі математика және жаратылыстанудан сабақ беру және оқыту үдерістерін дамыту мақсатында жүргізіліп, қатысушы елдердің (биылғы жылы қатысып жатқан 60 ел) білім беру жүйесіндегі ерекшеліктерді анықтап түсіндіруге бағытталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы