Бүгiн 2026, 21:10 Фото: ТЖМ / скрин

Павлодар облысындағы "Ертіс орманы" резерватында өрт шықты

 Биыл "Ертіс орманы" резерваты аумағында осымен бесінші орман өрті тіркеліп отыр.

 
Павлодар облысындағы "Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында шыққан өрт оқшауланды.

7 шілде күні сағат 15:50 шамасында Байымбет орманшылығының 124-орамында өрт тіркелген. Алдын ала мәліметке сәйкес, тілсіз жау шамамен 1 гектар аумақты шарпыған.

Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің 17 қызметкері мен 10 арнайы техника, сондай-ақ су төгу құрылғысымен жабдықталған "Қазавиаорманқорғау" РМҚК-ның ЕС-130 тікұшағы тартылды.

Орман күзеті мен "Қазавиаорманқорғау" мамандарының жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында өрт қысқа мерзімде оқшауланды. Биыл "Ертіс орманы" резерваты аумағында осымен бесінші орман өрті тіркеліп отыр.

Мамандардың айтуынша, соңғы күндері өңірде найзағайлы ауа райының сақталуына байланысты орман өрттерінің шығу қаупі әлі де жоғары. Осыған байланысты мемлекеттік орман күзеті күшейтілген дайындық режимінде жұмысын жалғастырып жатыр.