Павлодар облысындағы 70 кәсіпорында экологиялық тексеріс жүргізілді
Павлодар облысындағы 70 кәсіпорында экологиялық тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде заңнаманы бұзудың 98 дерегі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Бақылау нәтижесінде заңбұзушыларға 44 млн теңгенің айыппұлы салынды. Салалық мекеме өкілдері, сонымен қатар, кәсіпорындарға 39 ескерту жасады.
Облыстық экология депратаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, анықталған бұзушылықтардың қатарына мемлекеттік экологиялық сараптама талаптарын орындамау, рұқсат құжаттарының болмауы, жобалық шешімдерді сақтамау бар.
Биыл осындай олқылықтарға жол берген Ақсу ферроқорытпа зауытына 8,2 млн теңге және «Құрылыс материалдары зауыты» 21 млн теңгенің айыппұлы салынды. Зауыт көліктік конвейерлік ленталарды пайдалану бойынша жобалық сараптаманың болмауы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Департамент өкілдері, сонымен қатар, үш кәсіпорынның шаруашылық қызметін тоқтату жөнінде сотқа үш талап-арыз жолдады. Қазіргі уақытта екі нысан жұмысын тоқтатты, - дейді Әсет Сыздықов.
Экологиялық кодекс шеңберінде зиянды тастандыларды бақылау мақсатында бірінші санаттағы объектілерге автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу міндеттеледі. Заманауи жүйе жағдайды онлайн режимде бақылап, шұғыл шара қолдануға мүмкіндік береді.
Павлодар облысының аумағында 15 кәсіпорын бақылау жүйелерін іске қосуы тиіс. Осы күнге дейін он нысан бұл міндеттемені орындады. Қалған зауыттардағы жұмыстар мониторинг құралдарын пайдалануға беру деңгейінде атқарылуда.
Мамандардың айтуынша, өндірілген айыппұлдар табиғат қорғау шараларын жүргізуге бағытталады.