Павлодар облысында жылытылмай қалған мектеп мәселесіне облыс әкімі араласты

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылындағы мектеп жылытылмай қалған. 

Бұған жол берген бірнеше шенеунік қатаң сөгіс алды. Мәселе жергілікті деңгейде шешілмегендіктен, облыс басшылығына араласуға тура келді.

Орта білім беру мектебінде жылу бір айдан астам уақыт болмаған. Ғимараттың жылытылмай қалғанына көмір тасымалындағы кедергілер себеп. Десе де, жауапты мамандар мәселе туралы өзге мемлекеттік мекемелерге хабарламаған.

Ыдырысов атындағы мектеп директоры Раиса Жақбаеваның айтуынша, апта соңында қоймада сапасыз көмір қалған. Десе де, жылыту үшін жағуға мәжбүр болған. Оған қоса қатты отынды сақтайтын арнайы орын болмаған. Мектеп ішіндегі температура +13, +14 грасдус болған. Ал сыныптардағы температура +20 градуы болуы тиіс. Температуралық режим сақталмауына қарамастан, сабақтар тоқтатылмаған. Қазіргі уақытта мектеп ауласына сапалы өнім әкелініп, ғимарат жылытылды.

Мердігер ұйым мен мектеп басшылығының салғырттығынан мектептегі балалар тоңып отырды. Шенеуніктердің қағазбастылығы салдарынан осындай мәселе туындады. Бірде бір маман салалық мекемелерге, не облыстық әкімдікке проблема туралы хабарламаған. Екі апта бұрын жұмыс сапарымен Аққулы ауданында болған кезде қала-аудан әкімдеріне мектептерді тексеріп, осы тектес деректер бойынша шара қолдануды сұрадым. Бірақ, бәрі үнсіз. Бұл ақылға қонбайтын дүние. Көмір шығаратын аймақ үшін бұл мәселені шешу қиын емес. Бірде бір оқушы тоңып қалмауы тиіс, - дейді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Осы жағдайға жол берген Ақтоғай ауданының әкімі мен облыстық білім беру басқармасының басшысына қатаң сөгіс жарияланды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы