Павлодар облысында жыл басынан бері жемқорлық бойынша 30-ға жуық қылмыс тіркелді

Ертіс өңірінде жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық бойынша 28 қылмыс тіркелді. Он заңбұзушылық бюджет қаражатын жымқыруға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Жауапты мекеменің мәліметінше, тергелген 17 іс сотқа жолданды. Оның салдарынан келтірілген шығын көлемі 117 млн теңгені құраған. 20-ға жуық тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына құрылыс және тұрғын үй, жолдар мен инфрақұрылым, экология, жер, әлеуметтік сала, бизнеста қорғау, жылу электр станциялары, агроөнеркәсіптік кешен мен проблемалы нысандар енгізілген. Мәселен, экология саласында атқарылған кешенді шаралар нәтижесінде қарамағындағы жұмыскерлерінен жүйелі түрде пара алып жүрген «Ертіс орманы» резерватының директоры ұсталды. Ол орманды заңсыз отауға қолғабыс жасап келген. Іс тергелу үстінде, - дейді облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Медет Әміралинов.

Сонымен қатар, «Ертіс орманы» резерватының бес бухгалтері 2021-2023 жылдар аралығында ақша жымқырумен айналысып келген. Мамандар 26 млн теңгені қалтасына басқан. Тергеу барысында бұл шығын өтеліп, іс сотқа жолданды.

Бюджет қаражатын жүйелі жымқыру дерегі әлеуметтік салада да тіркелді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары екі жыл бойы 89 млн теңгені ұрлаған. Ақша мүгедектердің жеке көмекшілерінің қызметіне төленуге арналған. Бес тұлғаға қатысты іс сотқа жолданды, - дейді М. Әміралинов.

Былтыр сыбайлас қылмысқа қарсы қызмет сақалды құрылысқа айналған он проблемалы әлеуметтік нысанды бақылауға алды. Нәтижесінде жеті объект уақытында пайдалануға берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы