Павлодар облысында жыл басынан бері бес адам өрттен көз жұмды
Астана, baq.kz. Жаңа жылдан бастап Павлодар облысында 18 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық ТЖД өрт саласындағы қауіпсіздікті бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары Әлімқан Қайыркелді мәлімдеді.
«Биыл сегіз күн ішінде өрт салдарынан бес адам, оның ішінде бір бала қаза тауып, бес адам жарақат алды. Ал, 2018 жылы өңірімізде 873 өрт тіркелді. Оқыс оқиғалардан келген материалдық шығын 110 миллион 436 мың теңгені құрады. Өрт салдарынан былтыр 34 адам көз жұмып, 33 адам жарақаттанды», - деді Әлімқан Қайыркелді.
Әлімқан Қайыркелдінің айтуынша, 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда өрт саны 7 пайызға азайған. Адам өлімі 36 пайызға көбейіп, материалдық шығын 9 пайызға төмендеген.
Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында өткен жылы азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері жергілікті полиция өкілдерімен бірлесіп, облыс аумағындағы тұрғын үй секторының 101 мың 751 ауласын аралады. Нәтижесінде 225 мың 503 адам қамтылды. Аулаларды аралау барысында тұрғындар арасында пеш құралдарын орнату және қолдану барысындағы өрт қауіпсіздігі, электр құралдары мен газбаллон құрылғыларын қолдану ережелері, талаптары түсіндірілді.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдары мен ПИК өкілдері 24 мың 878 адамды қамтып, 949 жиын өткізген.