Павлодар облысында жүкті әйелдердің коронавирус жұқтыруы көбейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы онлайн өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов мәлім етті.
Облысымызда ауруханаларға КВИ жұқтырған жүкті әйелдер көп түсуде. Аяғы ауыр әйелдерге қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеміз. Қазіргі уақытта 44 жүкті әйел емделіп жатыр. 1 әйел пневмония жұқтырған. Ауруханаларда жеңіл түрде 34, орташа жағдайда 2, ауыр жағдайда 1 жүкті әйел бар, – деді Айдар Сейітқазинов.
Басқарма басшысының айтуынша, жуырда өкпесінің 90 пайызы зақымдалған жүкті әйел босанғанын атап өтті.
Ол әйелде өкпесі дерлік толық зақымданған болды. Жүрегі тоқтады. Шұғыл шаралар қабылданды. Әйел адам өздігінен босанды. Қазір жағдайлары жақсы. Кардиологиялық орталықта жатыр. Қазір тамақтанады, өздігінен тыныстап, сөйлейді. Жағдайлары жақсы, – деді Айдар Сейітқазинов.
№1 қалалық аурухананың акушер-гинекологы Ирина Красильникова жүкті әйел адамның КВИ жұқтыруы денсаулыққа қалай әсер ететінін айтты.
Аяғы ауыр әйелдің КВИ жұқтыруы шаранаға әсер етеді. Іштегі баланың денсаулығына қауіп төндіруде. Түсік тастауына, дүниеге келу уақыты жақындаған шараналардың шетінеп кетуіне әсер еткен жағдайлар болды. Жүкті әйелдер КВИ жұқтырғанын ауыр қабылдауда. Психологилық тұрғыда ауыр тиюде, – деді Ирина Красильникова.
Ирина Красильникованың айтуынша, КВИ-дің анасынан балаға жұғатын жағдайлар да орын алып тұрады.
Соңғы рет Екібастұздан келген әйел адамда осындай жағдай орын алды. Оның қосымша аурулары болып, босанарға дейін жансақтау бөлімінде жатты. Оның босануына рұқсат берілді. Босанғаннан кейін балада КВИ анықталды. Бала бөлек жатқызылды. Анасы келіп отырды. Емделуі аяқталғанға дейін бізде жатты, – деді Ирина Красильникова.
Жыл басынан бері Павлодар облысында 2 әйел адам КВИ жұқтырған сәбиді дүниеге әкелген.