Бүгiн 2026, 16:19 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Павлодар облысында жоғалып кеткен зейнеткер қамыс арасынан табылды

Зейнеткер екі тәулік бойы қамыс арасында азап шеккен.

Павлодар облысында полиция қызметкерлері аяғын жарақаттап алған зейнеткерді құтқарды.
 
Павлодар ауданында 71 жастағы жергілікті тұрғынды құтқарумен аяқталған ауқымды іздестіру операциясы өтті. Қарт адам балық аулайтын орындарды қарауға шығып, екі тәулік бойы далада жатып қалған. 
 
24 маусым күні полицияға қоңырау келіп түсті. Қоңырау шалған азамат 23 маусым күні таңертең ерте скутермен өзен жайылмасына барғанын, жолда аяғын жарақаттап алғанын және бір жарым тәуліктен астам уақыт бойы өздігінен шыға алмай жатқанын хабарлаған. Осыдан кейін байланыс үзіліп қалған.
 
Дереу Павлодар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен ТЖМ құтқарушылары кірген іздестіру топтары құрылып, Байдала ауылынан Заря ауылына дейінгі өзен жайылмасының күрделі аумағын түгел тексеруге кірісті.
 
Іздестіру жұмыстарының ауқымды аумақта жүргізілуі жағдайды қиындатты. Алайда іздеу бір сәтке де тоқтаған жоқ: тәулік бойы, тіпті түнгі уақытта да жалғасты. Үздіксіз жүргізілген операцияның екінші тәулігінде жайылмадағы қалың қамысты аралап жүрген іздеу тобы жоғалған зейнеткерді тауып алды.
Жоғалған қарт адамды тапқан сәтте оның өмірін сақтап қалғанымызға қуандым. Мен үшін ең бастысы - оның аман-есен табылғаны. Ер адам мүлде дәрменсіз жағдайда болды. Кейін белгілі болғандай, ол қатты сүрініп, аяғын сындырып алғандықтан, қозғала алмай, екі тәулік бойы тамақсыз, сусыз және жылусыз жатқан. Еңбегіміздің нәтижесінде адамды отбасына аман-есен қайтарғанымызға қуаныштымын, - деді Павлодар аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Олжас Тілеубергенов.
Полиция қызметкерлері зардап шеккен азаматқа жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны жайылмадан қауіпсіз жерге эвакуациялады. Қазіргі уақытта құтқарылған зейнеткер Павлодар қаласындағы ауруханада дәрігерлердің бақылауында.

Өзіне келгеннен кейін ол павлодарлық полицейлер мен құтқару жұмыстарына қатысқан барлық азаматтарға шынайы алғысын білдіріп, өзіне екінші өмір сыйлағандарын айтты.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Есіл өзеніндегі көпірден секіріп кеткен қыз құтқарылды