Павлодар облысында жазғы каникулда 800-ге жуық лагерь жұмыс істейді
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Жазғы каникул кезінде павлодарлық оқушылар үшін түрлі бағыттағы 786 лагерь жұмыс істейді.
Олардың қатарында 314 мектеп жанындағы лагерь 45 мыңнан астам баланы жазғы демалыспен қамтымақ. Сонымен қатар, қосымша білім беру ұйымдарында 500-ге жуық салалық лагерь жұмысын бастайды.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанованың мәліметінше, жаз мезгілінде 106 мыңнан астам жеткіншектің бос уақыты тиімді қамтылады. Яғни, мектеп оқушыларының 98%-дан астамы уақыттарын көңілді өткізбек.
Сонымен қатар облыс аумағында 12 балалар лагері бар. Қала сыртындағы ұйымдардың тоғызы – мемлекеттік.
Каникул кезінде әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың 15 мыңнан астам баласы тегін демалатын болады. Жазғы кезең алдында жазғы лагерьлерге дайындық актілері беріледі. Жазда Баянауыл ауданындағы «Балдәурен» нысаны күрделі жөндеуде болғандықтан, жұмыс істемейді. Жазда алты мыңнан астам бала табиғат аясында демалу мүмкіндігіне ие болады. Балалар жылы аясында демеушілер мектеп балаларына 550 жолдаманы сыйға тартты. Демеушілік қаражат 33 миллион теңгеден асады, - дейді Роза Ақанова.
Білім беру саласы мамандарының мәліметінше, лагерь жолдамаларының бағасы 30 мың теңгеден басталады. Жекеменшік лагерьлердегі қызмет қымбаттау – 80 мың теңге. 14 жастан асқан оқушылар жазғы маусымда түрлі жасақтар құрамында жұмыс істеп, нәпақа таба алады. Олар үшін абаттандыру, көгалдандыру отрядтары құрылады.