Павлодар облысында жасанды су тоғаны пайда болды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысы Успен ауданында жасанды су тоғаны пайда болды. Басты мақсат - егістік алқаптарын суару.

170 мы шаршы метр көлеміндегі су жиналатын тоған 347 гектарлық жерді тамшылатып суаруға жетерлік. Мамандардың айтуынша, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту жұмыстары мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асырылды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 370 млн теңге жұмсалған. Қаражат есебінен электр желісі тартылып, шұңқыр қазылды. Сонымен қатар бес ұңғыма қазылып, құбырлар қойылды.

Шаруа қожалығының бас агрономы Юрий Слушныйдың айтуынша, мемлекет қолдау көрсетпесе, осындай нысанды салу мүмкін болмас еді.

Бұған дейін суару машиналарымыз болмайтын. Құрғақшылық жылдары шығынға батқан едік. Енді су тоғанының арқасында мол өнім аламыз деген үміттеміз. Яғни бір егістік маусымында үш рет өнім жинауға қауқарлымыз. Қазіргі таңда ауа райының қолайсыздығы да жұмысымызға кедергі болмас. Жоба шеңберінде біз тамшылатып суаратын құрылғыларды сатып алдық. Сонымен қатар субсидия алдық, - дейді агроном.

Бүгінгі таңда шаруашылық мамандары 300 гектарлық жерде көкөніс өсіреді. Жаңбырлағыш екі машина тіршілік нәрін бірқалыпты пайдалануға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта алқаптар 550 гектар жерге ұлғайтылмақ. Сондықтан тағы екі жасанды су жинау орны салынбақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы