Павлодар облысында ыстан улану оқиғасы азаймай тұр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екі күннің ішінде Павлодар облысында 4 адам ыстан уланып, біреуі жансақтау бөлімінде жатыр.
Бұл туралы Павлодар облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
6 қараша күні сағат 11.05-те № 3 қалалық аурухананың қабылдау бөлімінің ревматолог кезекші дәрігерінен хабарлама келіп түсті. Жедел жәрдеммен Павлодар ауданы Набережное ауылының 1959 жылғы тұрғыны жеткізілді. Ауыр дәрежеде ыстан уланған ер адам жансақтау бөлімінде жатыр. Шешім полиция басқармасына тапсырылды, - дейді облыстық департаментте.
Сондай-ақ 5 қараша күні «112» нөміріне сағат 8.00-де Екібастұз қаласының қалалық орталық ауруханасының жедел жәрдем дәрігерінен үш адамның улы газдан уланғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Жедел жәрдеммен Сарықамыс ауылында тұратын 1979 жылғы әйел адам, 2014 және 2016 жылғы екі ұл бала жеткізілген. Қазіргі таңда олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Ауруханаға жатудан бас тартқан.
Дәл сол күні сағат 12.30-да Ақсу қаласында Абай көшесінде тұратын 1963 жылғы ер адам жүгінген. Орта дәрежеде ыстан уланған тұрғын терапия бөліміне жатқызылған. Үш жағдайда да улану фактілеріне пештен ақау шығуы себеп болған. Департамент мамандары жылыту маусымына тұрғындардың дұрыс дайындалмайтынын айтуда.
Пештердің мұржасын тазаламайды. Жырықтарын бітемейді. Нәтижесінде осындай жауапсыздықтың кесірі соңы қайғылы аяқталатын жағдайда әкеліп соқтырады. Сондықтан тұрғындардан сақтық шараларын танытуды сұраймыз, - дейді төтеншеліктер.
Еске сала кетейік, жылу беру кезеңі басталғаннан бастап, 2019 жылдың 15 қазанынан бүгінгі күнге дейін 6 бала ыстан уланған. 2019 жылдың басынан өңірде 15 адам ыстан уланған. Оның ішінде 4 адам оқиға орнында қайтыс болған.