Павлодар облысындағы тұрғын үйлердің 90% жылу маусымына дайын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс нысандарының қысқы уақытқа дайындығы сөз болды, деп жазады pavlodarnews.kz.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Испуловтың айтуынша, энергия көздерінің барлығы күз-қыс кезеңіне қажет құрал-жабдықтармен қамтылды.

«Қазіргі таңда 12 энергоблок, 13 қазандық пен 10 турбина жұмыс істеп тұр. Жылу маусымына әзірлік аясында электр желілерінің екі шақырымы, жылумен қамту желілерінің – 21,4 шақырымы, сумен қамту желілерінің – 13,3 шақырымы жөнделді. 2417 көпқабатты тұрғын үйдің 2177-і жылу қабылдауға дайын», - дейді Талғат Испулов.

Талғат Испуловтың айтуынша, Ақсу ЖЭЦ-інің энергоблоктарына қатысты мәселеде мердігердің жауапсыздығы салдарынан жөндеу жұмыстары кешіктірілуде. Дегенмен, 1 қарашаға дейін бұл энергоблоктар пайдалануға беріледі. Қалай болғанда да, бұл жұмыстар қаланы жылумен қамтуға әсерін тигізбейді.

Әлеуметтік нысандарға келсек, олардағы 342 қазандықтың 23-і күрделі жөндеуден өтті.

Бүгінде өңірдегі барлық 875 білім беру, 33 денсаулық сақтау және 285 мәдениет саласының нысандары жылу маусымына әзір. Облыс халқын көмірмен қамту мақсатында өңір базаларында 20,8 мың тонна қатты отын бар. Сол себепті, бүгінде көмір тапшылығы жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы