Павлодар облысындағы су тасқынының ахуалы қандай

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде республикалық маңызы бар «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульяновск» автомобиль жолының 93-138-ші шақырымын қар суы шайды. Салдарынан көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Облыстық ТЖД Дағдарыс жағдайын бақылау басқармасының бастығы Асқарбек Омаровтың мәліметінше, су басқар аумақтың көлемі 5-6 метрге жуық, ал тереңдігі бір метрге жетеді.

«Қар суы Қарағанды облысындағы Ащысу бөгетінен және таулы аймақтардан келіп жатыр. Қазіргі уақытта Баянауыл ауданы мен Қарағанда облысына апаратын жол уақытша жабылды. Кешке дейін жағдай тұрақталады. Оқиға орнында Баянауыл ауданының жергілікті атқарушы органдары мен төтенше жағдай қызметі жағдайды толық бақылауға алды. Оқиға орнында 20 бірлік арнайы техника, оның ішінде 10 КамАЗ және 3 жүк тиегіш жұмыс істеп жатыр», - дейді Асқарбек Омаров.

Аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтың айтуынша, су толық ағып өткеннен кейін жолды қалпына келтіреді. Бірнеше күн бұрын Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан жіберілген су көлемінің артуы салдарынан Ақтоғай ауданында су жолдың бетіне жайылды. Мамандардың айтуынша, қиыршық тас төселген учаскедегі судың ені 200 метр, биіктігі 20 сантиметрден аспайды. Орын алған жағдайға қарамастан, көлік қозғалысы шектелген жоқ.

Еске салсақ, Ертіс өңірінде қызыл су басуы ықтимал ауылдардың қатары 14-ке қысқарды. Былтырғы су тасқыны кезеңінде олардың саны 32-ге жеткен.

Бүгінде қызыл су келуі мүмкін 14 елді мекенде екі мыңнан астам тұрғын бар. Қазіргі уақытта қауіпті деп танылған ауыл-аймақтарда жедел құрылымдар тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Баянауыл ауданындағы бірнеше ауылға көршілес Қарағанды облысындағы Ақжар бөгетінен келетін су қауіп төндіруде. Су басы қаупі ықтимал ауылдардың қатарында Сәтбаев ауылдық округінің елді мекендері бар. Бұл жерде 1200-ден астам азамат тұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы