Павлодар облысында ВИЧ жұқпасына шалдыққандардың саны 3000-ға таяған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысы ВИЧ жұқпасының таралуы бойынша елімізде бірінші орында тұр. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ЖИТС-ке қарсы күресу және оның алдын алу орталығы басшысының орынбасары Бақыт Жанахметова мәлімдеді.

«2018 жылы есірткі тұтынушылардың арасында жүргізілген зерттеу нәтижесінде үлкен көлемді шприцтерге сұраныс жоғары екені анықталды. Себебі, жаңа синтетикалық есірткілер пайда болды. Олар әлеуметтік желілер арқылы таралады. Синтетикалық есірткілерге тәуелділік екінші дозадан кейін пайда болады6 әрі өлімге тез әкеледі7 Бұрын дені сау болған адам ақылынан айырылады. Үлкен көлемді шприцтерді бірден он адам тұтынады. Облыста есірткі тұтынушылардың 60 пайызы шприцтермен қамтамасыз етіледі. Өткен жылы дәрілік препараттарды сатып алу үшін 440 миллион теңге жұмсалып, 1680 адам емделген», - дейді Бақыт Жанахметова.

Спикердің айтуынша, 2019 жылдың наурыз айының соңында өңірде ВИЧ жұқпасына шалдыққан 2957 адам анықталған. Уақыт өте келе, кейбіреуі шамадан тыс есірткі тұтыну, көлік апаты, басқа да себептерден қаза табады. Дегенмен, оның ішінде төртінші сатыда ВИЧ жұқпасы салдарынан орын алған өлім ғана тізімге алынады. Қазіргі таңда олардың саны 446 адамды құрап отыр.

«СПИД – ВИЧ жұқпасының ең соңғы сатысы. Біздің аймақта дертті анықтау жақсы жолға қойылған. Алдын алу шаралары толық көлемде жүргізіледі. 2018 жылдан бастап тестілеуден өткізу және емдеу стратегиясы бойынша антиретровирусты ем жүргізіледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша СПИД орталығында диспансерде тұрғандардың 80 пайызы емделген. Бұл жоспарлы көрсеткіш. Дәрігерлердің кеңесіне құлақ түрсе, вирустар санын минимумға дейін азайтуға болады», - дейді Бақыт Жанахметова.

Орталық ұсынған мәліметке сүйенсек, 2017 жылдан кейбір препараттар фармацевтикалық компаниялар ұсынған бағадан 20 есеге арзан ЮНИСЕФ арқылы сатып алынады. Өңір тұрғындарының 14 пайызы жыл сайын ВИЧ жұқпасына тестілеуден өтеді. 2015 жылдан бері аурудың жыныстық жолмен таралу көрсеткіші басым болса, кейін ішкі тамырға есірткі салу арқылы 60 пайызы артқан.

«2001-2002 жылдары Павлодар облысы арқылы героин транзиті өткенде бір бөлігі біздің облыста қалып қойып отырғаны белгілі. Сол кезде 19-20 жастағы жастар арасында тәуелділік көп болған», - дейді Бақыт Жанахметова.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы