Павлодар облысында тағы бір нысан карантинге жабылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласында 120 бөлмелі жатақхана карантинге жабылды. Қазіргі уақытта мамандар тобы оның ішінде болған тұрғындардың санағын жүргізіп жатыр.

Еске салсақ, кеше түнде осы жатақханадан 50 жастағы азаматша ауруханаға жатқызылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйел адам бірнеше күн бойы дене температурасының көтерілуімен жатқан. Жергілікті спорт мектебінде еден жууыш болып еңбек ететін павлодарлық жедел жәрдем шақыртқан. Оқиға орнына эпидемиологиялық қызмет мамандары жетіп, тиісті шараларды қолға алды. Науқасқа "өкпенің қабынуы" диагнозы қойылды. Кеше COVID-2019-ға алынған талдау қорытындысы оң нәтиже көрсетті.

Эпидемиологиялық тексеріс барысында науқаспен жақын байланыста болғандар анықталды. Олар инфекциялық аурухана жанындағы госпитальге жатқызылды.

Облыстық эпидемиологиялық мониторинг тобының жетекшісі Сәуле Оспанованың айтуынша, аймақта коронавирус төңірегіндегі жағдай қиындап барады.

Науқаспен байланыста болғандардың талдамалары теріс нәтиже көрсетті. Жақын байланыста болғандар госпитальде жатыр. Қазіргі уақытта облыста карантиндік, провизорлық және инфекциялық госпиталь бар. 50 жастағы әйелге қатысты жағдай аса күрделі. Ол жатақханада тұратындықтан, азаматшамен қарым-қатынаста болғандар көп. Себебі, жатақхана тұрғындары үшін ас әзірлеу сияқты орындар ортақ. Бұл мәселеге қатысты тексеріс жүріп жатыр. Құжаттар да тексеріліп жатыр, - дейді Сәуле Оспанова.

Айта кетейік, бүгінде Павлодар қаласында бес нысан карантинге жабылған. Олардың айналасында тәулік бойы кезекшілік атқаратын мамандар тобы жасақталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы