Павлодар облысында төрт карантиндік бекет жұмыс істейді

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде қосымша шектеу енгізілгелі бері төрт карантиндік бекет іске қосылды. Алғашқы екі күннің ішінде 1000-нан астам жолаушы өтіп, бірде бір адамда дене температурасының көтерілуі мен коронавирустық инфекцияның өзге белгілері анықталған жоқ.

Карантиндік блок бекеттер Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарымен шекаралас жерлерде орнатылды. Эпидемиологиялық қызмет өкілдері мен ішкі істер органдарының қызметкерлерінен құралған топ тәулік бойы жұмыс істейді.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, мамандар облыс аумағына кіріп-шыққандарды қатаң тексереді. Азаматтар туралы мәліметер алдымен ортақ базаға енгізіліп, кейін сарапталады.

Төтенше жағдай кезінде 1000-нан астам полицей патрульдеу жүргізеді. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын да өткізеді. Қоғамдық орындар басты назарымыда болады. Жүк тасымалдайтын көліктер кедергісіз жүре береді, - дейді Жасқайрат Қайыров.

Айта кетейік, өңірде төтенше жағдай режимі кезіндегі ережелерді бұзу деректері азаймай тұр. Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Белялованың хабарлауынша, бүгінгі күнге дейін 118 факті тіркелген. Заң талаптарын сақтамаған 80 көлік иесі жауапкершілікке тартылды.

Еске салсақ, облыс аумағында тоғыз блокпост орнатылған. Бірінші сәуірден бері қосымша шектеу шаралары аясында бақылау жұмыстары күшейтілген. Облыстың бас дәрігерінің бұйрығына сәйкес облыс аумағына кіруге және шығуға тыйым салынған.

  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы