Павлодар облысында сілеусін мен елік аулаған браконьерлер ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Баянауыл ауданы Қызылтау ауылдық округі аумағында сирек кездесетін жануарларды заңсыз аулағаны үшін 9 ер адам құрықталды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,  олардың үшеуі – Алматы қаласының тұрғындары. Сондай-ақ, ұсталғандардан сілеусіннің екі терісі және еліктің бір ұшасы тәркіленді. 

Аталмыш факт 2022 жылы 2 қаңтарда орын алған. Заңсыз аң аулау фактісіне қатысты ҚР ҚК 337-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, сараптама тағайындалды, - дейді департаментте.

Айта кетейік, Павлодар облысында сілеусін аулауға тыйым салынған, ал елік аулауға 2022 жылдың 1 қаңтарынан тамызына дейін  рұқсат етілмейді.

2021 жылы табиғатты қорғау полицейлері заңсыз аң аулаудың 481 фактісін анықтады.

Полиция аң аулау үшін өзімен бірге аңшылық қаруға тиісті құжаттары, аңшылық билеті, аң аулаудың қандай түрі, қай ауданда жүргізілетіні көрсетілген жолдама парағы болуы қажет екенін еске салады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы