Павлодар облысында шыбын-шіркеймен күрес жаз бойы жүргізіледі

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде шыбын-шіркеймен күрес бойынша улау шаралары басталды. Энтомологиялық зерттеулер нәтижелеріне сәйкес дезинсекциялық жұмыстар алдымен саяжай аумақтарында қолға алынды.

Соңғы зерттеулерге сәйкес сайжай аумағындағы көлшіктерде бір шаршы метрге шаққанда 50-ден астам маса дернәсілі табылған. Бұл көрсеткіш дезинсекциялық шараларды бастауға түрткі болды.

Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Есей Файзолланың хабаралуынша, облыс орталығында 10 мың гектардан астам жер өңделеді.

Қазіргі уақытта қансорғыш жәндіктің дамуы бірінші және екінші деңгейде, яғни, қанатқа тұра қойған жоқ. Біздің мақсатымыз - олардың санын азайту. Қала маңындағы ұсақ көлшіктердің барлығын арнайы препаратпен өңдеу. Мониторинг жүргізуге ғалымдар тобы атсалысуда, - дейді Есей Файзолла.

Ғылыми қолдау Степногорск қаласындағы өнеркәсіптік биосинтез ғылыми-зерттеу институты мен жергілікті биологтардың тарапынан көрсетіледі. Зерттеу институты бас директорының орынбасары Аманжол Уляевтің айтуынша, өңдеу шаралары жерде жүргізіледі. 30 адамнан тұратын бригадалар таңғы және түскі уақытта жұмысқа шығады.

Үш бригада дернәсілдермен күреседі. Ал маса қанатқа тұрғанда тағы бригадаларды іске қосамыз. Дезинсекциялық шаралар түнді жүргізіледі. Осы жылы біз "Аверфос" және "Биокомарин" құралдарын қолданып жатырмыз. Биологиялық препараттар жәндіктер мен ұсақ құстарға зиян келтірмейді. Қоршаған ортаға қауіпсіз деп айта аламын. Осы жылғы зерттеу нәтижелері былтырғы жылмен сәйкес келеді. Дегенмен, қыста қар молынан жауғандықтан, сайжайлардың маңында көлшіктер пайда болған. Олардың барлығы өңделеді, - дейді Аманжол Уляев.

Айта кетейік, облыс орталығынан бөлек, Ертіс өзенінің жайылымдық жерлері де дезинсекциялық шаралармен қамтылады. Қазіргі уақытта ғалымдар тобы зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Ғылыми топтың құрамында 6 биолог бар. Олардың ішінде биология ғылымдарының докторы мен докторанттар бар. Олар көліктер мен жүзу құралдарымен қамтылған.

Өзеннің бойын өңдеу жұмыстары мамыр айында басталады. Ғалымдардың айтуынша, дезинсекциялық шараларды бастауға өзендегі су деңгейі мен ауа райы ескеріледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы