Павлодар облысында сапасыз жол үшін бірқатар лауазымды тұлғаға айыппұл салынды

Павлодар облысында жолдарды қанағаттанарлықсыз ұстағаны және жолдарда жұмыс жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін 274 лауазымды және заңды тұлға жауапқа тартылды, оларға 10 млн.теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңірдегі полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Павлодар облысы автожолдарды тексеру нәтижесінде 3 мыңға жуық ақау анықталды.

2024 жылы Павлодар полицейлері 25 мың шақырымнан астам аумақты қамтитын жалпы пайдаланымдағы 1339 автожолды зерттеді. Анықталған бұзушылықтар бойынша кемшіліктерді жою бойынша 1339 ұйғарым берілді, - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ 2024 жылғы көше-жол желісі мен автомобиль жолдарын тексеру актісі негізінде мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары берген заңды талаптарды немесе ұсыныстарды орындамағаны үшін заңды тұлғалар жазаланды.

Мысалы, жолдарда жұмыс жүргізу, жолдар мен жол құрылыстарын күтіп ұстау ережелерін бұзғаны үшін 1 млн 200 мың теңге сомасына "Қажсервис" Павлодар филиалы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция автомобиль жолдарының, жол құрылыстарының, теміржол өткелдерінің, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының және жол жұмыстары жүргізілетін орындардың пайдалану жай-күйіне тексеру жүргізеді.

Жүргізілген тексерулердің басты мақсаты өңірдегі жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру және жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша ұйымдастырушылық-практикалық шараларды іске асыру жолымен ЖКО алдын алу және олардың салдарының ауырлығын төмендету болып табылады, - дейді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы