Павлодар облысында ревакцинация басталды
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде коронавирустық инфекцияға қарсы екпе салудың екінші кезеңі басталды.
Бүгіннен бастап бір ай бұрын екпе алған азаматтарға «Спутник V» препаратының екінші компоненті енгізілуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, екінші компонентті алғашқылардың бірі болып аймақ басшылығы қабылдады.
Олар алдымен тексеруден өтті.
Денсаулыққа зиян келтіретін жағдайлар анықталмаған соң, процедурасы жүргізілді. Екпені алғашқылардың бірі болып алғандардың қатарында облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айзада Құрманова бар.
Бүгін медицина мамандарына екпенің екінші компонентін сала бастадық. 21 күн бұрын екпе алғандар келіп жатыр. Осыдан кейін COVID-19-ға қарсы тұрақты иммунитет қалыптасады. Қолданылатын препараттың екі түрлі компонентін араластыруға болмайды. Олар 21 күндік аралықпен енгізілуі тиіс, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ардақ Сейітқазинов.
Айта кетейік, бұған дейін 1200 павлодарлыққа екпе салынды. Ал вакциналаудың екінші толқынында 50 адам екпе алды. «Гам-КОВИД-Вак» препаратының кезекті партиясы облыстық аурухананың қоймасына апта соңында әкелінеді деп күтілуде.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы