Павлодар облысында құтқару операциясы кезінде тікұшақ мәжбүрлі түрде қонды
Тікұшақ Байдала ауылынан шамамен 8 шақырым жердегі ашық далаға мәжбүрлі қонған.
Павлодар облысында іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы Байдала ауылынан шамамен 8 шақырым жердегі ашық далаға мәжбүрлі қону жасады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, әуе кемесі 1950 жылы туған ер адамды іздеу бойынша құтқару операциясына жұмылдырылған.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, ер адам балық аулауға барған кезде мотоциклі аударылып, аяғын жарақаттап алған. Осыдан кейін ол көмек сұраған.
Іздестіру жұмыстары тәулікке жуық уақыт бойы жүргізілді. Оған жердегі құтқару күштері мен еріктілер тартылған. Нәтижесінде жоғалған азамат табылып, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
ТЖМ мәліметінше, тікұшақ бортында экипаж мүшелері мен құтқарушылар болған. Олардың барлығы аман, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта тікұшақтың мәжбүрлі қонуына байланысты оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.