21 Шілде 2026, 22:24 Фото: depositphotos.com

Павлодар облысында қатты дауыл бірнеше ауылды жарықсыз қалдырды

Қазір мамандар зақымданған инфрақұрылымды қалпына келтіру, келтірілген шығынды бағалау және дауыл салдарын жою жұмыстарын жалғастыруда.

Павлодар облысының Успен ауданында болған қатты дауылдың салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Табиғат құбылысы салдарынан бірнеше ауыл электр қуатынсыз қалып, тұрғын үйлердің шатырлары зақымданды. Бұл туралы Pavlodarnews.kz хабарлады.

Куәгерлердің айтуынша, Қоңырөзек ауылында торнадоға ұқсас қатты жел соққан. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде дауылдың салдарын бейнелейтін фото және видеоларды жариялаған.

Успен аудандық әкімдігінің мәліметінше, 21 шілде күні сағат 15:55 шамасында Қоңырөзек ауылдық округіне қарасты Қоңырөзек, Чистополь, Вознесенка және Надаровка ауылдарында екпінді жел 10 кВ электр беру желісінің жеті тірегін зақымдаған. Апат салдарын жоюға 10 маман мен үш техника жұмылдырылған.

Сонымен қатар, сағат 16:25-те Қоңырөзек ауылында қатты жел 12 жеке тұрғын үй мен мәдениет үйінің шатырын бүлдірген. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі нақтылануда.

Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар департаментінің 27 қызметкері және бес техника жұмыс істеп жатыр.

Қоңырөзек ауылында шамамен 650 тұрғын тұрады, елді мекенде 190 аула бар.

Қазір мамандар зақымданған инфрақұрылымды қалпына келтіру, келтірілген шығынды бағалау және дауыл салдарын жою жұмыстарын жалғастыруда. Аудан әкімдігі жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.