Павлодар облысында қарақұрттарды улау жұмыстары басталды
Павлодар облысында қарақұрттарға қарсы күрес жұмыстары басталды. Төтенше жағдай жарияланған аумақта химиялық препараттармен өңдеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
«Баянауыл» мемлекеттік табиғи паркінің директоры Аждар Жүсіповтің айтуынша, бұған дейін улау шараларын жүргізетін мердігер ұйым анықталды.
Торайғыр ауылдық округінің аумағында дезинсекциялық жұмыстар басталды. Мамандар қауіпті жәндікке қарсы препараттарды қолданып жатыр. Дегенмен, ұлттық парк аумағында осындау улау құралдарын пайдалануға тыйым салынған. Сондықтан, парктің ғылыми қызметкерлері жәндіктерді жинап, жұмыртқалары мен өздерін жоюмен айналысып жатыр, - дейді Аждар Жүсіпов.
Еске сала кетейік, улы буынаяқтылар алғаш рет Торайғыр көлінен екі шақырымдық аумақта табылды. Парк мамандары дабыл қағып, демалушылар арасында ақпараттық және профилактикалық жұмыстарды күшейтті.
Бұған дейін Ұлттық парк жанындағы ғылым және мониторинг бөлімінің мамандары қауіпті өрмекшілерді жинау жұмыстарын жүргізіп, бүгінде жалғастырып жатыр. Күніне орташа есеппен қарақұрттардың 20 аналығы мен 80 ұясын тауып, теріп алынған. Бір күнде 160-қа жуық ұяшық табылып, 80-ге жуық аналық жиналды.
Айта кетейік, ұлттық парк аумағында туристік маусым ресми түрде жабылса де, тынығушылар жетерлік. Бүгінгі таңда 54 қонақүйдің жетеуі ғана жұмысын тоқтатқан. Сонымен қатар, дәмханалар туристерге қызмет көрсетуде.