Павлодар облысында пайдаланылмайтын жер мемлекетке қайтарылады

Ертіс өңірінде пайдаланылмай келген 140 мың гектар гектар жерді мемлекет иелігіне қайтару жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық жер қатынастары басқармасы мамандарының мәліметінде, осы күнге дейін жоспардың жартысы орындалды. Бұл аумақтың қатарында жайылым, егістік және өзге де мақсаттағы жерлер бар болып шықты.

Жерді қайтару барысында қателіктерге жол бермеу үшін жауапты органдардың өкілдері салыстыру жұмыстарын жүргізіп отырады. Биыл ғарыштық мониторинг кезінде пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 500 мың гектардан астамы анықталды.  Облыста қолданылмайтын суармалы жерлерді қайтару бойынша да тиісті шаралар қолға алынған. Мониторинг нәтижесінде 24 мың гектар анықталып, материалдар жер ресурстары департаментіне жіберілді. Кейін тексерістер жүргізіледі, - дейді басқарма басшысы Мұрат Хамитов.

Мамандардың айтуынша, өңірде жайылымдық жерлері бар пайдаланушылар баршылық. Дегенмен, аумақта бағылатын мал саны аз болып шығуы мүмкін.

Бұны ғарыштық мониторинг көрсетіп отыр. Егер қазір пайдаланылмайтын жерлер анықталса, оларға айыппұл салынады. Сонымен қатар, жауапты органдар аумақтарды мәжбүрлі түрде ел меншігіне қайтарып алады. Аймақта мал санағын жүргізу шіде айының соңына дейін ұзартылды. Есеп аяқталған соң біз жайылымдық жерлердің соңғы екі жылдағы жүктемесі туралы нақты ақпарат аламыз, - дейді басқарма басшысы. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы