Павлодар облысында мыңға жуық азамат қандас мәртебесін алды
Павлодар облысында биыл 943 адам қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Аймақта ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасының қатысушыларын қабылдауға басымдық беріліп келеді. Биыл қандастар мен ішкі қоныс аударушыларды қабылдау үшін 3505 адамға квота бөлінді. Олардың 1200-ден астамы – қандастар.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, соңғы екі жыл ішінде еңбек ұтқырлығын арттыру шеңберінде аймаққа алты мыңға жуық азамат квота бойынша көшіп келіп, жұмысқа орналасқан.
Биыл 2600-ден астам адам көші-қон бағдарламасы бойынша келді. Бұл – 600-ге жуық отбасы. Қоныс аударғандардың тең жартысы еңбекке қабілетті азаматтар. Олар тұрақты жұмыспен қамтылады. Жеке кәсіппен айналысатындар үшін де қолдау бар. Жалпы, облыста келген еңбек күшінің көбі педагогика, медицина салаларына бағытталды. Олардың қатарында жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, эпидемиологтар, хирургтар ауылдық жерлерде жұмыс істеп жатыр. Ішкі қоныс аудару бойынша аймақта тұрақтанғандардың ішінде Алматы, Жетісу және Түркістан облыстарының тұрғындары көп. Ал қандас мәртебесін алғандардың көбі Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан келген азаматтар, - дейді Альмира Дисюпова.
Айта кетейік, өңірде Павлодар облысына келгендердің барлығы тұрақтанып қалмайды. Әлеуметтік келісімшарттарды бұзу деректері тіркеледі. Жыл сайын қоныс аударушылардың 5%-ы келген жерлеріне қайта оралады.
Биыл өңірлік квотаға енген азаматтар арасында заңбұзушылықтар анықталды. Олар сот арқылы немесе өз еркімен мемлекет тарапынан көрсетілген материалдық көмекті толық қайтаруға міндетті, - дейді мамандар.