Павлодар облысында көктемгі су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр

Ертіс өңірінде көктемгі су тасқынына дайындық аясында елді мекендердер қар шығару жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметінше, бүгінде су басуы ықтимал 43 елді мекен бақылауға алынған. Олардың барлығы ойпатты жерлерде орналасқан. Бүгінде осы елді мекендерде 2031 жер үй мен 10 мыңнан астам тұрғын бар.

Олардың ішіндегі 25 елді мекен  еріген қар суы себебінен, 16 ауыл өзендердегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан зардап шегуі мүкін. Әзірлік шаралары бойынша іс-шаралар жоспары бар. Биыл Жол картасы шеңберінде алты шараны жүзеге асыру қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдар 34 мың данадан астам қапшық, 6500 тонна инертті материал және 105 тонна жанар-жағармай қоры дайын.  Су басқан жағдайда халықты эвакуациялауға орындар да әзірленді, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев.

Қыс басталғалы елді мекендерде 900 мың текге метр қар шығарылды. Жалпы, дайындық шеңберінде 1400-ден астам су өткізу құбырының барлығы тазартылды.

Су тасқыны асқынып кеткен жағдайда 43 эвакуациялық бекет дайындалды. Облыс аумағында барлығы 28 гидротехникалық нысан, бір су қоймасы, жеті бөгет, тоғыз плотина және алты гидроторап бар. Төтенше жағдай туындаса, жедел әрекет ету үшін 1700 адамнан құралған топ жасақталған. Сонымен қатар 600-ден астам техника дайын, - дейді департамент бастығы.

Синоптиктердің мәліметінше, ақпан айында ауа температурасы -12-16 градус. Ал ақпанның екінші және үшінші онкүндігінде -10-15 градус шамасында болмақ. Бұл – нормаға сай көрсеткіш. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Павлодар облысының ТЖД
Өзгелердің жаңалығы