Киіктерді қорғау шаралары күшейтілді
Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде "Киік" табиғат қорғау акциясының қорытындылары шығарылды.
Сала мамандарының мәліметінше, бүгінде Қызыл кітапқа енгізілген ақбөкендердің еліміздегі популяциясы 215 мыңға жеткен. Қазіргі уақытта киіктерді қорғау шаралары Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жүргізіледі.
Осы мақсатта Павлодар облысында өңірлік мемлекеттік мснпекторлармен бірлесіп, Баянауыл ұлттық табиғи паркінің аумағында тірек бекеті ашылған. Мамандар Май және Баянауыл аудандарының территориясында тіршілік ететін аңдарды бақылайды.
Қорғау шаралары шамамен 123 мың гектар жерде жүргізіледі. Инспекторлар көлікпен қамтылған. Аңдарды браконьерлерден қорғау мақсатында ұшақ пен тікұшақ пайдаланылады. Ұшу құралдарын пайдалану жұмысы тиімділігін дәлелдеді. Елімізде ақбөкендерді ұстауға қарсы жарияланған мараторий мерзімі 2023 жылға дейін ұзартылды. Аңдардың мүйіздерін заңсыз алу және сатуға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны белгілі. Бүгінде киіктерді заңсыз аулау үшін 500 АЕК көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, - дейді орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау аумақтық инспекциясының жетекшісі Руслан Түлепбаев.
Инспекторлардың айтуынша, соңғы жылдары өңірде киіктер көбейіп келеді. 2016 жылға дейін ақбөкендер 10-15 бас көлеміндегі шағын топтармен жүрсе, бүгінде саны арта түскен. Қазіргі уақытта Май және Баянауыл аудандарында 5000-ға жуық бас тіршілік етеді.