Павлодар облысында кибер-алаяқтық деректері екі есе көбейген
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде жыл басынан бері интернет алаяқтығының 612 дерегі ткрелген. Ал өткен жылы 465 факті анықталған. Қылмыс саны жыл сайын артып жатқандықтан, құзырлы мекемелер алаяқтармен күрес жүргізудің жаңа механизмдерін әзірлеп жатыр.
Осыған байланысты өткен жыды Павлодар облысының полиция департаментінің жанынан киберқылмыспен күрес жөніндегі бөлім ашылды.
«Қазіргі уақытта өздерін полиця, прокуратура және өзге де құқыққорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, ақша аударуды сұрайды. Банк қызметкерлері атынан хабарласатындар да көбейген. Өкінішке қарай, бұған сеніп қалатын жұрт аз емес. Киберқылмыскерлермен күрес аясында әлеуметтік желілердегі күмән келтіретін хабарламаларды бақылаймыз. Күмәніміз расталса, бұғаттаймыз. Жыл басынан бері адам алдап, олжа тапқан үш қылмыстық топ ұсталды. Қарағанды облысының тұрғыны танымал сайттарға жалдамалы пәтер туралы хабарлама таратып, алдын ала төлем сұраған. Осылайша, қалтасын қампайтқан. Тағы бір топ тұрғын шөп, астық отын сату туралы жалған хабарлама таратып, сол схемамен жұмыс істеген. Бас-аяғы 150 эпизод анықталды. Тағы бір павлодарлық азаматтарға ұялы телефон, көлік ұтысы туралы «сүйінші сұрап», халықты алдаған. 34 дерек тіркелді», - дейді облыстық полиция департаменті бастығының оранбасары Болат Нұрсейітов.
Аймақта интернет алаяқтарымен күрестің кешенді механизмі әзірледі. Прокурорлық мекеме, полиция және екінші деңгейлі бан өкілдері ортақ жұмыс атқармақ.
«Қылмыскерлер арнайы бағдарламаларды пайдаланып, банк атынан хабарласады. Мемлекеттік мекемелердің ресми сайттарындағы нөмірлерді бағдарлама арқылы пайдаланады. Салдарынан қарапайым тұрғын сеніп қалады. Облыс прокуратурасы екінші деңгейлі банк ұжымдарымен ақылдасып, алаяқтық деректерін тіркеуге арналған бөле кшұғыл желі ашуды ұсынды. Мамандар ұсынысымызды құп көрді. Осылайша, алаяқтық құрбандары банктерге хабарласқанда, көп уақыт күтпейді. Ақпарат та полицияға тез жетеді», - дейді облыс прокурорының орынбасары Марлен Сламбеков.
Үстіміздегі жылы интернет қылмыстарының ашылу көрсеткіші 45%-ды құрап отыр, 150-ден астам эпизод жасаған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.