Павлодар облысында карантиндік шектеулер жеңілдетілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыста сауналар шектеусіз жұмыс жасап, бильярд залдары жұмысқа кіріседі және ауылшаруашылық жәрмеңкесіне рұқсат берілді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Павлодар облысы 2021 жылдың 16 наурызынан бастап «жасыл» аймақта. Павлодар облысының аумағында коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың төмендеуіне байланысты бірқатар жеңілдететін карантиндік шаралар қарастырылды, – деді Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев.
Жаңа қаулы бойынша сауналар күндер бойынша уақыты шектелмей жұмыс істейді. Ұжымдарда қызметкерлердің 30% қашықтықтан жұмыс істейді. Мәдениет нысандарында 50 адамнан аспайтын жағдайда дайындықтарға рұқсат берілді. Толымдылығын 30%-дан асырмай театрлардың, кинотеатрлардың, концерт залдарының жұмысына рұқсат берілді.
Сондай-ақ сыныпта балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқытуға рұқсат берілді. 300 адамға дейінгі контингенті бар қалалық және ауылдық мектептерде балалар санын 25 адамнан асырмай дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат берілді. Топтардың бірігуімен іс-шаралар өткізбей, ата-аналары мен еріп жүретін адамдарды енгізбей, мектепке дейінгі мекемелердің қызметіне рұқсат берілді.
Балаларды түзету кабинеттері, балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтары келушілер санын шектемей жұмыс істейді.
Толымдылықты 30%-дан асырмай және бір келушіге кемінде 4 шаршы метр сақталған жағдайда діни объектілердің қызметіне рұқсат беріледі. Дәл осылай бильярд залдары, балалар ойын-сауық орталықтарының жұмысына (жабық бөлмелердегі ойын алаңдары) рұқсат беріледі.
Бірақ караоке, қорқор бөлмелері, түнгі клубтар сияқты ойын-сауық мекемелерінің жұмысына шектеу әлі жалғасады, – деді бас санитарлық дәрігер.
Облыста ашық және жабық ғимараттарда жабдықтардан басқа көріністі, спорттық іс-шараларды, отбасылық, ойын-сауық, ұжымдық, корпоративтік және басқа шараларды өткізу үшін жалға алуға тыйым салынады.
Павлодар облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Павлодар облысы аумағында шектеулі карантиндік шаралар туралы» №8 Қаулысы 2021 жылдың 2 сәуірінен сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.