Павлодар облысында көршілік дәстүрлер жаңғыртылмақ
Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ата-бабаларымыздан қалған көршілік дәстүрлер жаңғырмақ. Бірегей жоба «Көрші» деп аталады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдығы аясында қолға алынған жобаны жүзеге асыруға облыстағы ішкі саясат басқармасының өкілдері мұрындық болған. Мемлекеттік мекеме басшысы Ернұр Дәуеновтің айтуынша, «Көрші» жобасы аясындағы шаралар бір жыл бойы Павлодар қаласындағы 15 көпқабатты үйлердің аулаларында ұйымдастырылады.
«Кез келген тұрғын жоба қатысушысы атана алады. Ол зейнеткер, үй шаруасындағы әйел, оқушы, жұмысшы болуы мүмкін. Әзірленген бағдарламаға қолданбалы өнер шеберлерінің сабақтары, қолөнер шеберлерінің көрмелері, ұлттық ойындар бойынша кішігірім турнирлер, халқымыздың ұмыт бола бастаған дәстүрлерін жаңғырту бойынша шаралар енгізілген. Көршілес азаматтар ерулік, бесікке салу, иткөйлек, бесік той, тұсау кесу, шілдехана, жеті ата, қырқынан шығару, тоқымқағар, бауырына салу, құлақ тесу сияқты игі дәстүрлерімізді ұйымдастырады. Басты мақсат - келер ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау, балаларымызды осыған баулу», - дейді Ернұр Дәуенов.
Жоба аясында көне дәстүрлермен қатар, бүгінгі күні кең тараған көршілік салттар да насихатталмақ. Мәселен, көршілер бірлескен саяхаттарға, қала ішінде шағын туристік серуендерге шыға алады.
«Жазғы демалыс кезінде үй жануарларын көршілерге сеніп тапсыру да - бүгінгі күннің игі дәстүрі іспеттес. Облыстық жоба өңір тұрғындарын біздің азаматтарымыздың санасын жаңғырту бойынша жаңа идеяларға бастамашыл болуға уәждеуге бағытталған», - дейді идея авторлары.
«Көрші» жобасы «Рухани жаңғыру» облыстық кеңсесінің, облыс ішкі саясат басқармасының, аулалық клубтар мен Павлодар қаласының қосымша білім беру мекемелерінің, «Nur Otan» және «Жас Отан» жастар қанатының, Павлодар қаласы дене тәрбиесі және спорт бөлімінің, сондай-ақ бірқатар облыстық, қалалық органдардың, мәдениет мекемелерінің, оқу орындарының және қоғамдық бірлестіктерінің қолдауымен іске асырылады.