Павлодар облысында ірі өндірістік ошақтарда санитарлық жұмыстар күшейтіледі
Павлодар облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде жарияланған карантин кезінде 19 ірі өндірістік ошақтың жұмысы тоқтатылмайды. Себебі, өндірістік үрдісті үзу мүмкін емес, сонымен қатар, ел экономикасындағы маңызы зор. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімханов хабарлады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда өнеркәсіп нысандарында 48 мыңға жуық азамат еңбек етеді.
Бұл кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылар аз емес. Ол түсінікті. Коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында карантин барысында зауыттарда санитарлық-эпидемиологиялық шаралар күшейтіледі. Вахталық тәсілмен жұмыс істейтін мамандаға жұмыс орындарынан анықтамалар беріледі, - дейді Сұңғат Есімханов.
Өңірде карантиндік режим бүгін сағат 00:00-де басталады. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес ерекше жағдайда еңбек ететін азаматтардан басқа тұрғындарға аймақтағы елді мекендер мен қалаларға кіріп-шығуға тыйым салынады. Құжатқа сәйкес теміржол және автовокзалдардың жұмысы уақытша тоқтатады. Ал дәрі-дәрмек пен азық-түлік саудаланатын орындардың жұмысы таңғы сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін шектеледі. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда бетперде кию режимі енгізіледі.
Сұңғат Есімхановтың айтуннша, Павлодар облысының шекараларында қосымша жеті блокбекет орнатылады. Блокбекеттер аудандарда да орнатылады. Карантин кезінде құқыққорғау органдарының жұмысы күшейтіледі. Атап айтқанда, Павлодар қаласы 64 секторға бөлінеді. Бұл аумақтарда 10 полция автопатрулі кезекшілік атқарады. Бас-аяғы тұрғындардың қауіпсіздігін сақта ушараларына 2,5 мың тәртіп сақшысы атсалысады.
Еске салсақ, бүгінгі күнге дейін Ертіс өңірінде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 9 дерегі тіркелді. Салдарынан 84 жастағы бір азамат көз жұмды. Ал 27-ші наурызда ауру жұқтырған 32 жастағы жігіт жазылып шықты. Айта кетейік, инфекция анықталған азаматтармен байланыста болған үш көпқабатты үй карантинге жабылды. Облыстың бас санитарлық дәрігері Зәмзәгүл Дощанованың хабарлауынша, бұл баспаналарда тұратын азаматтардың бірде бірінен жедел респираторлық вирустық инфекция анықталған жоқ.