Павлодар облысында интернет алаяқтыққа қатысты 228 қылмыстық іс қозғалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда жыл басынан бері 228 адам интернет арқылы тұрғындарды алдап, сол арқылы табыс таппақ болған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Павлодар облысының полиция департаментінің дерегінше, әлеуметтік желіде жиі кездесетін алаяқтық түрі – пәтерді жалға түрі. Киберқылмыспен күрес бөлімі екі айдан астам уақыт аралығында 135 істі сотқа жолдады. Әдетте алаяқтықтың мұндай түрімен айналысатындар әлеуметтік желілерде бірнеше жалған аккаунт ашып, пәтерді тапсыратыны туралы хабарлама жариялайды. Өздерін үйдің иесімін деп таныстыратын олар баспананың фотосын жүктеп, тиімді баға ұсынады. Ал жалға алар баспана іздеп жүрген тұрғындар хабарласқанда ай сайынғы ақының жартысын не бір бөлігін беруді талап етеді. Ақшасын алған соң ұшты-күйлі жоғалады. Сол кезде ғана тұрғындар алаяққа алданғанын түсінеді.
Бүгінде облыстың ондаған тұрғыны осындай қитұрқы әрекеттерден опық жеді. Сондықтан полиция қызметкерлері пәтерді жалға берушілердің құжаттарын талап етіп, тексеруді, алдын ала қомақты сома бермеуді сұрайды.