Павлодар облысында инфекциялық ауруханалар бой көтеруде

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде 60 орындық инфекциялық аурухана бөлімшесі мен тез тұрғызылатын жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр. Осылайша, өңірде коронавирустық инфекция таралуының жаңа толқынына дайындық жұмыстары қарқын алған.

Модульді аурухана облыс орталығының аумағындағы төрт гектарлық жерді алып жатыр. Қазіргі уақытта ғимараттың қаңқасы - металл конструкциялары тұрғызылып жатыр. Жоба өкілдерінің айтуынша, негізгі құрылыс жұмыстары қазан айының біріне дейін аяқталады. Кейін медициналық құрал-жабдықтар орнатылып, іске қосу жұмыстары басталады. 

Жобаның бас инженері Әнуар Смайыловтың айтуынша, құрылыс жұмыстарына 250-дан астам маман тартылған. 

Ғимарат бір қабаттан тұрады. Заманауи технологиялық құралдармен жабдықталады. Қазіргі уақытта каркасын тұрғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Темірбетон модуль блоктары монтаждалуда. Бүгінгі күнге дейін іргетасын қалау жұмыстары аяқталды. Құрылыс тәулік бойы, тоқтаусыз жүргізіледі. Сонымен қатар, сыртқы инженерлік желілер тартылуда. Модульді аурахана - тұрақты құрылыс. Осы тектес ауруханалар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында салынды. Мекемеде әр палатаға медициналық газ тарту жүйесі қарастырылады, - дейді Әнуар Смайылов. 

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Бақытжан Әлімғазиновтың айтуынша, емдеу мекемесінің құрылысына бөлінген қаражат «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша үнемделген. 

Аурухана 200 төсек-орынға шақталған. 180 стационарлы, ал 20-сы интенсивті терапия жүргізуге арналады. Жобаның жалпы құны 7,3 млрд теңгені құрайды. 5,6 млрд теңге - «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде үнемделген қаражат. 2 млрд теңге облыстық бюджеттен қарастырылса, қалғаны республикалық бюджеттен келген трансферттер. Бұл қаражат инженерлік қаматамасыз ету және құрал-жабдықтармен қамтуға жұмсалған, - дейді Бақытжан Әлімғазинов. 

Аймақта коронавирустық инфекциясы таралуының екінші толқынына дайындық қызу. Провизорлық госпитальдердегі резервті төсек-орындар саны 5 мың орынға дейін кеңейтіледі. Стационарлар үшін қосымша оттегі станциялары, рентген және виброаккустикалық аппараттар, пульсоксиметрлер, сондай-ақ, Бобров аппараттары сатып алынады. Сонымен қатар, 139 жасанды демалу аппараттары тасымалданады деп күтілуде.
 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы