Павлодар облысында халықты сумен қамту бойынша 42 жоба жүзеге асырылады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде келесі жылы халықты сапалы сумен қамту мақсатында 42 жоба жүзеге асырылады. Бұл бағытта республикалық бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлінген. 

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, қазір жалпы сомасы 11,4 млрд теңге болатын 21 дайын жоба бар. Олар сәтті жүзеге асырылса, 13 мың халық ауызсуға қол жеткізеді. 

Бұл жобалар іске асырылған соң ауылдық елді мекендердің суға қолжетімділік көрсеткіші 58,2%-ды құрайды. Яғни 211 мың адам сапалы тіршілік нәріне қол жеткізеді. Сонымен қатар тағы 27 жоба әзірленуде. Оның ішіндегі 23 нысан 5,6 мың адамды сумен қамтуға арналған. Жобалар дайын болған соң 2022-2024 жылдарға бюджеттік өтініштер жолданады. Бүгінде әр әкімдікпен байланыс орнаған. Мақсатымыз - 2023 жылға қарай ауызсу мәселесін түбегейлі шешу, - дейді Қадылжан Сәтиев. 

Айта кетейік, 2017-2019 жылдар аралығында өңірдегі су тарту жүйелерін дамытуға 37 млрд теңге жұмсалып, 71 жоба жүзеге асырылды. Желілердің 1571 шақырымы салынып, 72 мың халық тіршілік нәрімен қамтылды. Ал орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 40,1%-ға артты. 

Мамандардың айтуынша, бүгінде облыс аумағындағы су қорының болуы 209 ауылда расталды. Десе де, тіршілік нәрінің қоры расталмаған тағы 116 елді мекен бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы