Павлодар облысында геоақпараттық портал құру үшін 450 млн теңге бөлінді
Астана, BAQ.KZ.Өңірде геоақпараттық портал және облыстың ақпараттық-сараптамалық жүйесін құру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатқа 450 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Руслан Дәуітбаев мәлім етті.
«Жер қатынастары саласында геоақпараттық портал әртүрлі қызметтерді атқарады. Нақтырақ тоқталып өтсек, сауда-саттық жүргізуді талап етпейтін, мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқық алу және жер учаскесінің мақсатты тағайындалуын өзгерту шешімін беру. Аудандық және қалалық жер қатынастары комиссиялары отырыстарының онлайн трансляциясы. Бос жер учаскелері туралы мәліметтерді көрсету. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің нақты қолданылуын ғарыштық тұрғыдан мониторинг жасау. Жер, қала құрылысы және құқықтық кадастр ақпараттық жүйелері енгізіледі. Қалалар мен аудандар, ауылдық округтер, елді мекендердің нақты жер учаскелерінің шекаралары көрсетілген аймақтардың интерактивті электронды картасы құрылады», - дейді Руслан Дәуітбаев..
Басқарма басшысы 2019 жылы геоақпараттық портал аясында екі мемлекеттік қызметті электронды форматқа ауыстыру көзделіп отырғанын атап өтті. Бұл - жер телімінің пайдалану мақсатын ауыстыру, аукцион және конкурс өткізуді талап етпейтін жер учаскелеріне ие болу құқығы. Айта кетерлігі, геопорталда өңірдің жер ресурстары туралы барлық ақпарат орналастырылады. Жер ресурстарын тиімді басқару үшін спутниктен түсірілім қолжетімді болмақ. Сондай-ақ, жер ресурстарын басқару саласында құқық бұзушылықты анықтау үшін мониторинг жүргізуге мүмкіндік туады.