Павлодар облысында есiрткiге қарсы жаңа жоба басталды
Павлодар облыстық полиция департаментінен жылжымалы “Есiрткiге қарсы кеңес беру пункті” жолға шығып, жаңа жобаның бастауын белгіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл бастама халықты, мектеп оқушыларын, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін есiрткi және психотроптық заттардың заңсыз айналымының қауіпті салдары туралы ақпараттандыруға бағытталған.
Сонымен қатар кеңес беру пункті нашақорлық пен уытқұмарлықтың алдын алу, есiрткiге тәуелдi азаматтарды емдеу мен оңалту мәселелері бойынша кеңес беру қызметтерін көрсетеді, – деп атап өтті Павлодар облыстық ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Полиция өкілінің айтуынша, бұл кеңестік көмек көрсету пунктінде республикалық және облыстық психикалық денсаулық орталықтарының психологтары, АИТВ инфекциясының алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың мамандары, еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жұмыс істейді.
Алғашқы аялдама – Ақсу қаласы. Кеңес беру пункті бұдан кейін облыстың барлық қалалары мен аудандарында қызмет көрсетеді. Полиция қызметкерлері биылғы жылы облыс аумағында 225 есiрткiге қатысты құқық бұзушылықтың жолы кесілгенін және заңсыз айналымнан 423 келіден астам түрлі есiрткi және психотроптық заттардың тәркіленгенін еске салды.
Біз барлығымыз нашақорлықтың өте қауіпті, іс жүзінде емделмейтін ауру екенін білеміз. Бұл тәуелділік есірткі заттарының әсерінен туындайтын тұрақты психикалық және физикалық байланысқа әкеледі. Олар адамды мас күйге түсіріп, ауыр тәуелділікке ұшыратады. Жастар жас ерекшеліктеріне байланысты немесе қызығушылықтан мұндай заттарды сынап көріп, оның өлімге әкелетін салдары туралы ойламайды. Біздің мақсатымыз – бұл пункт арқылы азаматтарымызға, әсіресе жастарға құқықтық және психологиялық көмек тұрғысынан үлкен қолдау көрсету. Егер осы жобаның нәтижесінде бір ғана жасөспірімге көмектесе алсақ, онда бұл бастаманың бекер емес екеніне сенімдіміз, – деді Болат Нұрсейітов.
Жобаны Павлодар облысының полиция департаменті мен прокуратурасы ұйымдастырған.