Бүгiн 2026, 10:51 Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында ер адамды орындықпен сабаған әйелге үкім шықты

Сот әйелді денсаулыққа ауыр зиян келтірді деп танып, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Әріптесін қорғамақ болған Екібастұз тұрғыны оның бірге тұратын азаматтық күйеуін орындықпен ұрып, ауыр жарақаттады. Сот әйелді үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескенімен, үкімнің орындалуын кейінге қалдырды.

irbistv.kz таратқан ақпаратқа сәйкес, Павлодар облысының Солнечный кентінде 30 жастағы Екібастұз тұрғыны бірнеше күн бойы жұмысқа шықпаған әріптесінің үйіне барған. Әйел әріптесіне мас күйде екенін айтқан, сондай-ақ оның бетінде көгерген із болған. Бұған дейін де ол бірге тұратын азаматтық күйеуінің өзін ұрып-соғатынын айтып шағымданған.

Мән-жайды анықтамақ болған Екібастұз тұрғыны танысымен бірге әріптесінің үйіне барған. Өздерімен бірге ішімдік те алып келген. Дастарқан басында қонақ әйел үй иесінің бірге тұратын азаматтық күйеуіне наразылығын білдіре бастаған.

Алғашында жанжалдың беті қайтарылған. Алайда кетер кезде әйел қайтадан сөзге келіп қалады. Ер адам қонақтарды шығарып салып тұрған сәтте ол орындықты алып, бірнеше рет соққы жасаған.

Екібастұз қалалық сотының үкімінде көрсетілгендей, жәбірленуші жабық бас-ми жарақатын, мидың ауыр соғылуын, жедел субдуралды гематома, субарахноидалды қан құйылу және сүйек сынықтары ығысқан төменгі жақ сүйегінің жабық сынуын алған. Бұл жарақаттардың барлығы денсаулыққа келтірілген ауыр зиян ретінде бағаланған.

Сот әйелді денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда сотталған әйелдің кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, жазаны орындауды үш жылға кейінге қалдырды.