Павлодар облысында эпоксидті шайырдан жасалған шыны пластик құбырларды өндіру жоспарлануда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов «Нефтехим LTD» компаниясы» ЖШС-е жұмыс сапарымен барып, жұмсақ бір реттік контейнерлерді жасап шығаратын цехтың жұмысымен танысты және кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті.
Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңадан салынып жатқан эпоксидті компаунд өндіру цехында кәсіпорын директоры Олег Тимошов эпоксидті шайырдан шыны пластик құбырлар шығару жоспарлары туралы айтып берді.
Биылғы мамыр-маусым айларында Қытайдан технологиялық жабдықтар жеткізілуі керек. Тамыз айында іске қосу-жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін цех өз жұмысын бастайды, - деді Олег Тимошов.
Кәсіпорынның жас жұмыскерлерімен кездесу барысында аймақ басшысы өңірдегі жастарды қолдау шаралары туралы айтып берді.
Сізердің кәсіпорындарыңыз нарықта он үш жыл бойы жұмыс істеп келеді, ал жұмыскерлердің орташа жасы - отыз бес. Бұл кәсіпорынның болашағы бар екенін білдіреді, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.
Өңір басшысымен әңгімелесу барысында кәсіпорын қызметкерлері абаттандыру, жолдарды асфальттау және экология мәселелері туралы сұрақтар қойды.
Биыл біз Павлодар қаласының тоғыз көшесінің асфальт жабындысын ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, алпыс көшеге асфальт төселеді. Олардың қатарында екінші Павлодар, Екінші Оңтүстік, Горторг, Казправда аудандары және Зеленстрой кенті бар, - деді Әбілқайыр Сқақов.
Облыс әкімі Павлодар қаласын абаттандыру және көгалдандырудың бірыңғай жүйесін құру туралы жоспарларымен бөлісті.
Әрбір шағын ауданда серуендеу аймақтары, спортпен шұғылдану орындары бар тартылыс орталығы пайда болуы керек. Алдағы екі-үш жыл ішінде біз осы міндетті орындау бойынша жұмыс істейтін боламыз, - деді Әбілқайыр Сқақов.
Сонымен қатар, өңір басшысы білім алудың маңыздылығына, ең бастысы, адам үшін өмірлік кәсіпке айналатын жұмысшы мамандығын алуға назар аударды.