Павлодар облысында екпе салудан бас тартқан ата-аналар азайды
Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде қызылша аурына қарсы екпе салудан бас тартқан ата-аналар азайып келе жатыр. Себебі, сала мамандары инфекциялық ауруларды алдын алу бойынша тиісті жұмыстарды белсенді жүргізуде.
Облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшысы Ирина Сорокинаның мәліметінше, өңірде жыл басынан бері қызылшаға шалдығудың 171 оқиғасы тіркелді. Ауру жұқтырудың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалардан анықталған.«Ауырып қалған балалардың 51%-ы - екпе салу жасына жетпеген болса, 35%-ы медициналық қарсылықтар салдарынан екпе алмаған. Сонымен қатар, 15 бала ата-аналарының қарсы болуынан қызылшаға шалдықты. Өкінішке орай, ата-аналардың салғырттығынан балалар зардап шегуде», - дейді Ирина Сорокина.
Бүгінде облыста 908 баланың ата-анасы профилактикалық екпеге қарсылық білдірген. Мамандар атқарған насихаттық жұмыстардың нәтижесінде 153 ата-ана райынан қайтып, вакцинация шараларына қатысты.
Жағдайда тұрақтандыру мақсатында сәуір айының басында қосымша иммунизация басталды.
«Тоғыз айлық жасқа жеткен балаларға вакцина салынуда, сонымен қатар, экпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша екпе алуға жататын медициналық қызметкерлер де вакцинамен қамтылды. Бір апта ішінде 471 тұлға екпе алды. Ошақтарда 30 жасқа дейінгі азаматтарға екпе салынуда. Бүгінде эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 968 адамға екпе салынды. Ауруға қарсы жоспарлы, яғни 1 жаста және 6 жаста, қосымша вакцинациялау жалғасуда», - дейді мамандар.
Айта кетейік, вакцинациялау шаралары барысында қызылшаға, қызамық және паротитке қарсы бір екпе қолданылады. Вакцина «Серум институт оф Индия» (Үндістан) компаниясында өндірілген және оның сапасына Дүниежүзілік денсаулық ұйымы кепілдік берген. Атап өтерлігі, бүгінде бұл екпе құралы әлемнің 70-тен астам елінде қолданылады. Ал Қазақстанда соңғы 10 жыл бойы қолданылып келеді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы