Павлодар облысында екі жасөспірім ауыр соққыға жығылған

Екібастұз қаласында екі жасөпірім қатты соққыға жығылған. Қазіргі уақытта олардың біреуі жансақтау бөлімінда ауыр жағдайда жатыр. Ал екінші бала жарақаттар бөлімінде ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Белгілі болғандай, қос жасөспірім Екібастұз қаласындағы колледждердің бірінде оқиды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мақпал Аманкелдінің мәліметінше, 16 және 17 жастағы балалар жергілікті ауруханаға жатқызылған.

2008 жылғы жеткіншек ауыр ашық бас-ми жарақаты диагнозымен жансақтау бөлімінде жатыр. Бет сүйегі сынып, кеуде тұсы жарақаттанған, кеуде мүшелерінің контузиясы,пневмоторакс. Науқастың айтуынша, оны белгісіз біреулер ұрып кеткен. Сол сәтте қысқа мерзімге есінен танып қалған. Қазіргі уақытта жағдайы ауыр және тұрақты. Екінші жасөспірімге жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылған. Көз жарақаттары бар. Жағдайы орташа деңгейде, - дейді дәрігерлер.

Облыстық полиция департаментінің өкілдері оқыс жағдайдың болғанын растады. Екі азаматтың денсаулығына қасақана зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Бүгінгі таңда күдікті полиция бөлімшесіне жеткізілген. Тиісті шаралар қолға алынды.

Еске сала кетсек, бұл кәмелеттік жасқа толмағандар төңірегінде болған жалғыз оқиға емес. Бұған дейін тоғызыншы сынып оқушысы құрдасы мен 59 жастағы мұғаліміне пышақпен шабуыл жасаған. Салдарынан зардап шеккендер жарақат алды. Қылмыстық іс облыстық ауданаралық сотта қаралды. Сот-медициналық сараптама нәтижесі 17 жасар баланың психикалық ауруға шалдыққанын көрсетіп, оны кінәлі деп таныды. Сот шешімімен жасөспірім жалпы типтегі психиатриялық стационарда емделетін болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - Архив
Өзгелердің жаңалығы