Павлодар облысында бюджетке 1 млрд теңгеден астам қаржы түспей қалған
Павлодар облысында мемлекет бюджетіне 1 млрд теңгеден астам қаржы түспей қалған, дап хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Бұл мемлекеттік кірістер департаменті мамандары жүргізген камералық және көшпелі кедентік тексеру нәтижесінде анықталды. Облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Руслан Рахымбердінің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда қазынаға түспей қалған қаражат 697 млн теңгеге көп.
Осы уақытқа дейін кедендік төлемдер мен салықтардың 900 млн теңгесі өндірілді. Жыл басынан бері 56 тексеру жүргізілген. Кедендік әкімшілендіру бойынша бюджетке түспеген қаржы көлемі орташа есеппен 18 млн теңгені құрады. Негізгі заңбұзушылықтардың қатарында тауарларды кедендік рәсімдеу үшін талаптарды бұзу, қате өтініш беру, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақты сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың дұрыс жіктемеу бар, - дейді Руслан Рахымберді.
Сонымен қатар, кедендік құрылымға жақын өкілдер арасында бақылау шаралары тұрақты жүргізіледі. Тексеру барысында екі уақытша сақтау орнының иесі кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыру тәртібін бұзғаны үшін айыппұл арқалады. Олар 369 мың теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осы жылдың басынан бері бастап мемлекеттік кірістер органдарына жаңа қызмет бекітілді. Бұл - экспорт немесе импорт бойынша ұлттық және шетел валютасын репатриациялау бойынша валюталық бақылау жүргізу. Үстіміздегі жылдың он айында заңбұзушылықтар бойынша 113 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Сотқа 600 млн теңгеге жуық сомаға материалдар жіберілді, - деді маман.