Павлодар облысында браконьерлерге 4 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров жеке құраммен браконьерліктің алдын алу және белсенді түрде анықтау бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметінан хабарлады.

Ведомстводан хабарлағандай, жиынға қатысушылар заңсыз аң аулаудың алдын алу және ескерту бойынша мақсатты профилактикалық және жедел-іздестіру шараларын пысықтады.

"Өткен жылдармен салыстырғанда браконьерлікпен күрес жұмыстары едәуір артқан.  2019 жылдың өткен кезеңінде облыс аумағында полицейлермен 785 табиғат қорғау заңнамасын бұзу факті анықталды. Ағаштар мен көшеттерді заңсыз кесу бойынша 32 факті, орман шаруашылығы өнімдерін ұрлау бойынша 15 факті, балық аулау және оларды айналымға салу бойынша 8 факті тіркелген", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 716 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде балық аулау талаптарын бұзу – 340, заңсыз аң аулау – 378. Ал, айыппұлдың жалпы сомасы 4 396 356 теңгені құрайды.

Кеңес соңында Жасқайрат Қайыров облыс аумағындағы тұрғындар арасында табиғат қорғау заңнамасы талаптары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы