Павлодар облысында биыл 102 мың ағаш отырғызылады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының қалалары мен аудандарын көгалдандырудың бес жылдық жоспары әзірленді.

Өңірде ағаш отырғызу науқаны сәуір айының үшінші онкүндігінде басталады деп күтілуде. 

Облыстық Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мамандарының мәліметінше, алдағы бес жылда 420 мыңнан астам ағаш отырғызылмақ. Ал биылғы жылы 102 көшет салынады. Бұл іске кез келген тұрғын атсалыса алады. Ол үшін әр аудан мен қалада аранайы учаскелер дайындалған. 

Мәселен, облыс орталығындағы Жағажай мен «Қаз қонақ» ескерткішіне дейінгі, Екібастұз қаласындағы «Шахтер» паркі және Ақсу қаласындағы екі саябақ көгалдандырылатын болады. Бұл жерде ағаш отырғызу туралы нұсқама орнатылады. Сәуір айында ағаш орындары әзірленеді. Әр тұрғын келіп, көшет отырғызу мүмкіндігіне ие болады, - дейді салалық басқарманың басшысы Қадылжан Сәтиев. 

Өңірдің ірі кәсіпорындарына да көгалдандыру жұмысына атсалысу міндеттелді. Олар осы жылы санитарлық-қорғау аумақтарында 23 мың көшет отырғызады. 

Айта кетейік, өткен жылы 15 мың ағаш егілген. Ал екі жыл бұрынғы көрсеткіш 6,5 мың ағаш болған. 

Отырғызу материалдары жергілікті тәлімбақтан алынады деп күтілуде. Осы жылы мамандар тоғыз мың ағаш пен 100 мыңнан астам гүл егуге әзір.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы